background

18 мамыр - Халықаралық музейлер күні аясында өткізілген «Жәдігер  жерде  қалмасын»  акциясы

16  мамыр күні  Ақтөбе облыстық  тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне арналған салтанатты шара аясында «Жәдігер  жерде қалмасын» акциясы өткізілді. Облыстық Өнер музейінде облыс, қала тұрғындарының сыйға тапсырған заттарынан ұйымдастырылған уақытша көрме жасақталды.   

Акцияның мақсаты: Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы бойынша, халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын қолөнер бұйымдары, зергерлік бұйымдар,қыл қалам туындылары, тұрмыстық бұйымдар  және  өзге  ұлт өкілдерінің ұлттық, тұрмыстық  заттарын, сирек  кітаптарды жинақтау арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу.                                                                                                      

          Биылғы «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 100 жылдығына, Ұлы жеңістің 71 жылдығына, бағытталып отыр. Акцияға облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, мәдениет мекемелері, жоғарғы, орта оқу орындары, өлкетанушылар, музей достары, қала тұрғындары шақырылуда.       

         18 мамыр - Халықаралық музейлер күні аясында бастау алған дәстүрлі акция 1999 жылы «Болашаққа мұра»- деген атпен мәдениет мекемелерінің ішінде  алғашқы болып, біздің облыстық музейде ұйымдастырған болатын. Қазіргі кезде жалғасын тауып, дәстүрлі «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы өткізіліп келеді. Акция биылғы жылы 17-ші рет өткізілгелі отыр. 

87 жылдық тарихы бар облыстық музей қорында  108 мыңнан астам экспонат есепке алынған, 80% халықтың қолдауымен сыйға тапсырылған заттар.

Жыл  ішінде  «Жәдігер  жерде  қалмасын»  акциясы  барысында музей қорына Ұлттық нақышта тоқылған Айбарша Жалбырқызының қолынан шыққан теру алаша, бетінде ою-өрнектері бар ағаш сандық, қала тұрғыны шебер Ерқосай Әбілов сыйға тапсырған «Тұяқ дауылпаз» аспабы, Мұғалжар ауданында тұрған, ҰОС ардагері Қарағұл Өтемісовтің медалдары,фото-құжаттары, Ырғыз ауданы, Нұра совхозының тұрғыны болған, ауыл шаруашылығында жұмыс жасаған Әлімбай Қайырбекұлының тұтынған, 1950-1970 жылдар аралығында қолданыста болған «Саквояж» қол сөмкесі,ардагер ұстаз, халық ағарту ісінің озық қызметкері Зоя  Бралованың суреттері, құжаттары, кітаптары, күйші, Қазанғап Тілепбергенұлының төл шәкірті, Қадірәлі Ержановтың өзі киген түйе жүн шекпені,жадағай шапаны, 1970-1990 жылдар аралығында Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова атындағы дружинаның салтанатты жиынында қолданған пионер барабаны,  т.б.тарихи маңызды кітаптар және фото-құжаттарымен толықты.                                                                                                                                 Бүгінгі жаңалық-ертеңгі тарих, өткен күнде тұтынған бұйым сол заманның  шежіресіне айналатынын бүгін біз ұмытсақ-ертең ұрпақ бізді ұмытуы мүмкін, сондықтан  осы  қағиданы музей  қызметкерлері  ұстана  отырып, шақырылған қонақтарға, қала  тұрғындарына «Жәдігер жерде  қалмасын»  бүктемелерін және күнтізбе түріндегі  парақшалар тарату арқылы болашаққа   жәдігер  жинауға  өз  үлестерін  қосуға шақыру жоспарлануда.

Болашаққа жәдігер  жинауда өз  үлестерін  қосуға шақыру мақсатында шақырылған қонақтарға, жалпы келушілерге қала тұрғындарына «Жәдігер жерде қалмасын»  бүктемелеріжәне күнтізбе түріндегі  парақшалар  таратылды. Акцияның өту барысының баспасөз баяны қазақ, орыс тілдерінде дайындалып 

«Рика», «Ақтөбе», телеарналарына, «Ақтөбе», «Каз правда» газеттеріне сұхбаттар берілді.

 

 

2019  Актюбинский областной историко-краеведческий музей