background

«Ақ орамал» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылып өткізілген «Бейбітшілік – әлем тілегі» акциясы 

24 тамыз күні Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі мен С.Бәйішев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасы бірлесе отырып, «Ақ орамал» республикалық акциясы аясында «Бейбітшілік  әлем тілегі» тақырыбында ашық әңгіме ұйымдастырып өткізді. Шара мақсаты бейбітшілік пен татулықты, қазақтың салт-дәстүрін насихаттау. Жастарға ақ орамалдың мән мағынасын терең түсіндіру.

Шараны жүргізуші бөлім меңгерушісі А.Сарыбай кіріспе сөзінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Вашингтон қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV саммитте жариялаған «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі  туралы айта келіп, Елбасының сөздерінен үзінділер келтірді, қатысушыларды акцияның мазмұн-мақсатымен жан-жақты таныстырды. Шара барысында көп балалы, ақын ана Нәтиева Бәтима ақ орамалдың ежелгі дәстүріміз бойынша қандай маңызы бар екендігіне тоқталып, ұл-қыздарымызға арнап өлеңдерін оқып берді. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің жанынан құрылған «Шолпы» қыздар клубының кеңес мүшелері КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі Ә.Бейсенғазы, Ақтөбе медицина колледжінің оқытушысы Н.Есенғазы, Ардагер ұстаз, ақын, ана Ж.Абдуллина, білім саласының ардагері, ақын С.Қайдасовтар жастарға отбасы құндылығы туралы баяндап, өз аналарының ұстанымын, тілегін жастарға үлгі етті. Отбасы бейбітшілігінің де өз орны бар екендігін айтып, еліміздің басты байлығы бейбітшілік пен татулық дей келе ол жеке адамдардың арасындағы қарым-қатынастар арқылы орнайтындығын түсіндірді.

       Шара барысында акцияның негізгі идеологемалары туралы айтылды. Музейдің табиғат және экология ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі М.Буханова «Таза табиғатпен ядролық қарусыз ғасырға» көрмесімен таныстырып, ядролық сынақтың әкеліп жатқан зардаптары туралы кеңінен түсіндірді. Гимнге айналған Ж.Талдыбаевтың «Қалдайбек қасіреті» әні көпшілікке үлкен ой салды. 

       Кітапханашы Асылгүл апай да ақ орамалдың мәнін жастарға түсіндіре келе, отбасындағы өзінің екі келінін үлгі ете, жас келіндерді ақ орамал тартуға шақырды.

      Ашық әңгіме барысында сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Сөйлеушілер әрбір азаматтың бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға жауапты екендігін, өзара құрметтің маңыздылығын айтып, Еліміздің Тәуелсіздігінің тұғыры мықты болу үшін ұстамды, ақылды, саналы, білімді болуға шақырды. Ашық әңгіме соңында қатысушылар «Ақ көгершін» (сөзі: Н.Баймұхамедов, әні: А.Жұбанов) әнін орындады. Қонақ аналарға ақ орамалдар мен кітаптар сыйға берілді. Шара «Қазақстан Ақтөбе», РИКА телеарналары арқылы көпшілікке насихатталды.

 

2019  Актюбинский областной историко-краеведческий музей