background

Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай ұйымдастырылып өткізілген «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» республикалық дебат турнирі

   24 ақпан күні сағат 10.00-де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика және құқық институтының ғимаратында Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты республикалық пікірсайыс турнирін ұйымдастырып өткізді.

   Мақсаты: Алаш қозғалысының тарихи маңызын жас буынға насихаттау, жастардың бойында патриоттық және азаматтық қасиеттерді дамыту. Тәуелсіздік құндылығын, қазақ елінің болашағының жарқын көрінісі жастардың елге деген сүйіспеншілігінде екендігін, отаншылдық, еркін рухтың білімді терең меңгерген ұрпақтың бойында болатындығын жастарға сезіндіру.

   Шараның ашылу салтанаты облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қ.Ермұқанның алғы сөзімен бастау алды.

   Турнирге Алматы, Астана, Атырау, Қостанай, Орал қалаларының жоғарғы оқу орындары мен колледждері студенттерінің пікірсайыс клубтарынан 32 фракция қатысып, пікір алысты.  

   Турнирдің ұйымдастырылуына М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің «Жалын», Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Экономика және құқық институтының «Заман біздікі», С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің «Айсберг» пікірсайыс клубтары белсене  атсалысты.  

   Шарада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің экономика және құқық институтының директоры С.Кулушев, қалалық жас туристер стансасының директоры Ж.Жанайдаров, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Дүйсенғали сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тіледі.

   Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның «Достық сазы» ұлт аспаптар ансамблі  ән-шашуларын тарту етті.

   Қаладағы оқу орындарының студенттері мен мектептерде құрылған пікірсайыс клубтары көрермен ретінде қатысты.

   Шара барысында облыстық мәдениет басқармасы тарапынан бөлінген автобустармен  студенттерге қала бойынша, облыстық «Руханият» музейі мен облыстық «Нұр ғасыр» орталық мешітіне, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты аймағында құрылған ашық аспан астындағы ұшақтардың музейіне экскурсия жүргізілді.

   24 күнгі шара қорытындысы экономика және құқық институтының ғимаратында студенттердің ұйымдастыруымен  «Квест» ойынымен аяқталды.

   25 ақпан күні сағат 10.00-де студенттер пікірсайыстың ширек финалын жалғастырды. Мұнда іріктелген командалар хабарланып, барлық қатысушыларға турнирге демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Айнұр Табынбаеваның қолынан шыққан ұлттық нақышта тігілген аксессуарлар табысталды.

   Пікірсайыс турнирі соңында облыстық тарихи-өлкетану музейінің атынан барлық қатысушы студенттерге сертификаттар беріліп, құнды кітаптар тарту етілді. Үздік деп танылған пікірсайысшылар мен фракциялар «Үздік төреші», «Үздік спикер», «Үздік делегация», «Жастар финалының жеңімпазы», «Квест ойынының жеңімпазы» номинациялары бойынша алғыс хаттармен марапатталып, кубоктар иеленді.

    «Алаш идеясы және Ұлы дала елінің мұраты» атты республикалық дебат турнирінің бас жүлдесін Қостанай қаласының А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік  университетінің  «Амангелді арландары» фракциясы, ІІ-орын Орал қаласының Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің «Аль Таир» фракциясы, ІІІ-орынды Алматы Қыздар педагогикалық университетінің «Нәркес» және Атырау қаласының Х.Досмұхамедов атындағы университеттің «Архитектор және бизнесмен» фракциялары жеңіп алды.

   Кеш соңында студенттер облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымына өз алғыстарын білдіріп, турнирдің ерекшелігіне тоқталып, мәдени шаралардың жоғарғы деңгейде өткізілгенін атап өтті.

   Турнирдің қорытындысында қатысушылар Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Ханша дария хикаясы» қойылымын тамашалады.

2019  Актюбинский областной историко-краеведческий музей